Мәслихаттарда мажоритарлық жүйе сақталып, Президент квотасы мен ҚХА квотасы жойылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі мәслихат сайлауында мажоритарлық жүйені сақтау қажет екенін мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, кейбір партиялар барлық деңгейдегі мәслихаттарды Парламентпен бірге пропорционалды жүйемен қалыптастыруды ұсынған. Алайда Мемлекет басшысы аймақтарда жергілікті тұрғындардың үні мен пікірлері жақсы естілуі тиіс екенін айтты.
– Мен өңірлерде мажоритарлық жүйені сақтауды жөн көремін. Өңірлерде жергілікті халықтың дауысы мен пікірі жақсы естілуі керек. Бұл – менің нақты ұстанымым, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент жаңа Парламентке Президент квотасын қалдыру туралы ұсыныстар болғанын, алайда оған қажеттілік жоқ екенін мәлімдеді.
– Жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына немесе бақылауына мұқтаж емес. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған “ерекше таңдаулылар” болмауы тиіс. Олардың барлығы бірдей тәртіппен сайлануы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да жойылатынын айтты.

