Күннен қуат алған балмұздақ: «Леңгір» зауытының шатырында өңірдегі ең ірі күн электр станциясы жұмыс істейді — Nazarda
Басты
14:02
Экономика

Күннен қуат алған балмұздақ: «Леңгір» зауытының шатырында өңірдегі ең ірі күн электр станциясы жұмыс істейді

На крыше завода «Ленгерское» работает крупнейшая СЭС

Өндірістегі экологиялық технологиялар бүгінде имидж қалыптастыру құралы болудан қалып барады. Көптеген компания үшін олар шығынды едәуір азайтып, бизнес-процестердің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Қазақстандағы осындай тәсілдің бірден-бір мысалы – «Леңгір» брендімен өнім шығаратын «Балмұздақ» компаниясы.

Үш жыл ішінде жобаға 300 млн теңге инвестиция салынды. Оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) гранттық қолдауы да бар. Нәтижесінде зауыт өңір мен елдегі тамақ өнеркәсібінің «жасыл» инновациялар орталықтарының біріне айналды.

Бұл жоба сала мен өңір үшін үлгі боларлық тәжірибеге айналды. Бүгінде кәсіпорынға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден кәсіпкерлер, экология саласының сарапшылары мен мамандар келіп, станцияның жұмысын көзбен көріп, нәтижесін бағалап, озық тәжірибесін меңгеріп жүр.

Кәсіпорынның тең құрылтайшысы Дилафруз Мадиева баламалы энергияны енгізу идеясы қалай жүзеге асқанын айтып берді.

Компания тарихы 1987 жылы Тянь-Шань тауының етегіндегі Бірінші Мамыр ауылында басталды.

Ол кезде кәсіпорында небәрі 6 адам еңбек етіп, балмұздақтың екі түрі ғана шығарылған.

Бүгінде «Балмұздақ» – 200-ге жуық балмұздақ түрін, жартылай фабрикаттар мен шоколад кәмпиттерін өндіретін заманауи ірі кәсіпорын.

Өнімдер тек ішкі нарыққа емес, Ресейге, Қытайға, Тәжікстанға және Өзбекстанға да экспортталады.

Кәсіпорын басшылығы 2022 жылы Германияға сапарлағаннан кейін «жасыл» энергияға ауқымды түрде көшу идеясы нығая түсті.

Еуропалық тәжірибе зауыттардағы күн электр станциялары ондаған жылдан бері қалыптасқан қалыпты үрдіс екенін көрсетті.

Кәсіпорын газ генераторлары мен өзге де баламалы энергия көздерін қоса алғанда, бірнеше нұсқаны қарастырды.

Түркістан облысында ашық әрі ыстық күндердің көп болуын ескере отырып, таңдау күн панельдеріне түсті.

Бүгінде кәсіпорынның шатырында қуаты 2000 кВт болатын жеке күн электр станциясы жұмыс істейді.

Бұл – өңірдегі тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары арасындағы ең ірі станциялардың бірі.

Жобаға үш жылда шамамен 300 млн теңге инвестиция салынды.

«Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылды және әзірге өзін-өзі ақтау сатысында. Дегенмен экономикалық тиімділігі айқын: электр энергиясына кететін шығынды едәуір қысқарттық, кәсіпорынның энергетикалық тәуелсіздігін арттырдық және қалалық электр желісіне түсетін жүктемені азайттық», – дейді Дилафруз Мадиева.

«Леңгір» жобасы бүкіл сала үшін үлгі боларлық бастамаға айналды.

Бүгінде зауытқа Қазақстанның басқа өңірлерінен және шетелден мамандар келіп, станция жұмысының тәжірибесін өз көздерімен көріп жүр.

Компания тәжірибесі халықаралық деңгейде де бағаланды: БҰҰ Даму бағдарламасы зауыттың күн электр станциясы туралы арнайы бейнеролик түсірді.

«Бұл біз үшін ресурсты үнемдеу немесе қалалық желілерге түсетін жүктемені азайту ғана емес. Бұл – отандық өндірісті дамытуға, инновация енгізуге және экология мен болашаққа жанашырлықпен өнім шығаруға бағытталған саналы таңдау», – деп түйіндеді Дилафруз Мадиева.