«Ерекше» фильмі: параспорт туралы картина Астанада таныстырылды — Nazarda
Басты
13:54
Қоғам

«Ерекше» фильмі: параспорт туралы картина Астанада таныстырылды

"ЕРЕКШЕ" фильмнің көрсетілуі

«Ерекше» көркем фильмінің премьерасы кеше елордадағы Kinopark кинотеатрында өтті.

Жабық көрсетілімге сенаторлар, қоғам қайраткерлері, спортшылар және шығармашылық индустрия өкілдері қатысып, зал көрерменге лық толды. Кинокартина көрермен тарапынан жылы қабылданып, көрсетілім барысында көпшілік эмоциясын жасыра алмады.

Фильм адам рухының мықтылығы, мейірім мен қайсарлық туралы баяндайды. Сюжет желісі бойынша, Арман есімді жас жігіт бір қателіктен кейін спорт кешенінде қоғамдық жұмысқа жіберіледі. Сол жерде ол Әйгерім мен оның інісі Дидармен танысады. Олар – бочча спортын серік еткен спортшылар. Осы кездесу кейіпкердің өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Ол шынайы күш атақ пен байлықта емес, табандылықта, сенімде және күн сайынғы күресте екенін түсінеді.

Фильмнің ерекшелігі – түсірілімге кәсіби актерлермен бірге Қазақстан мен Қырғызстанның бочча спортшылары қатысқан. Бұл картинаның шынайылығын арттырып, параспорт әлемінің атмосферасын дәл жеткізуге мүмкіндік берген.

Туынды инклюзивті қоғам құру, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау сияқты маңызды тақырыптарды көтереді. Фильм спорт пен өзара қолдаудың адам тағдырын өзгертіп, үлкен жетістіктерге жетелеуге қабілетті екенін көрсетеді.

Киножоба Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен, Kinopark кинотеатрлар желісі және TigerFilms продюсерлік студиясымен бірлесіп жүзеге асқан. Фильм прокатынан түскен қаражат мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға жұмсалады.