Президент әлеуметтік саланы цифрландыруды жеделдетуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыру мәселесіне арнайы тоқталды.
«Әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі де өте маңызды. Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ туындайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалыптастыруды тапсырды.
«Сонда әлеуметтік көмек те шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға беріледі», – деді ол.
Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдаудың барлық түрі «Әлеуметтік әмиян» арқылы ұсынылуы қажет екенін атап өтті.
«Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі банк және төлем инфрақұрылымымен тығыз байланысқан “Әлеуметтік әмиян” арқылы берілуге тиіс», – деді Президент.
Сондай-ақ бұл тетікті ел бойынша кеңінен енгізу керектігін айтты.
«Үкімет әкімдіктермен бірге осы тәжірибені барлық жерде кеңінен қолдануы керек. Бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент отандық Aitu мессенджеріне жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын да сынға алды.
«Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды», – деді ол.
Сонымен қатар EGov AI әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін әзірлеу қажеттігін айтты.
«Барлық азаматқа қолжетімді болатын бұл жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау шараларын басқаратын инфрақұрылымды нақты айқындаудың маңызын да атап өтті.
«Әлеуметтік қолдау шараларын басқаратын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын нақты айқындап алу қажет», – деді ол.

