Банкке борышкерлердің шоты енді толық бұғатталмайды
Қазақстанда борышкерлердің банктік шоттарын толық бұғаттау тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
– Борышкерлердің шоттарын толық бұғаттаудан бас тартуды жоспарлап отырмыз. Шектеу тек қарыз сомасына ғана қойылады, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін қарыз көлемі аз болса да, азаматтардың шотындағы барлық қаражат бұғатталып келген. Бұл тәжірибе қоғам тарапынан көп сынға ұшырап, көптеген шағымға себеп болған.
Жаңа тетікке сәйкес, енді борышкердің шотындағы қаражаттың тек қарыз сомасына тең бөлігі ғана шектеледі. Қалған қаражатты азамат еркін пайдалана алады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, аталған өзгерістер қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен бірлесіп пысықталып жатыр.
Айта кетейік, бұл бастама азаматтардың қаржылық жағдайына шамадан тыс шектеу қоймау және олардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

