Енді «қайтарылмайтын билет» деген болмайды — Nazarda
Басты
15:59
Қоғам

Енді «қайтарылмайтын билет» деген болмайды

Ұшақ
Pexels.com

Мәжілісте қаралып жатқан «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заң жобасында авиажолаушыларға қатысты бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылып отыр екен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, құжатта «қайтарылмайтын билет» деген ұғым толықтай алып тасталады. Бұған қоса, авиация саласындағы бақылау қайта енгізіліп, тексеру өкілеттігі Азаматтық авиация комитетіне беріледі.

«Бұрын авиакомпаниялар билет құнының 30 пайызын өздеріне қалдырып келді. Енді бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін төмендетіледі. Сонымен қатар, сапасыз немесе уақытында көрсетілмеген қызметтер үшін авиатасымалдаушылар айыппұл төлеуге міндеттеледі», деді Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ депутаттар отандық лоукостерлердің билет бағасын төмендету мәселесін де көтеріп отыр. Мысал ретінде Қызылорда бағытын келтірген мәжілісмен бұл бағытта тек лоукостер рейстері бар екенін, алайда билет бағасы шамамен 40 мың теңгеге жететінін айтты.

«Еуропада мұндай қашықтықтағы рейстердің бағасы 10-12 мың теңге шамасында. Бұл – әділетсіз. Заңды қабылдағаннан кейін осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деді ол.