Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақысыз қалғанын айтты
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін жалақысыз қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа маусымға дайындық басталғанымен, қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген.
Олимпиададан кейін жалақым тоқтады. Жаттығу жиындары жоспарланған, жаңа бағдарлама дайындау керек. Бірақ нақты жауап жоқ. Бірі бір нәрсе айтады, екіншісі басқа жауап береді. 1 ақпаннан бастап дәрігерімді де алып тастады, – деді спортшы YouTube-тағы подкастта.
Ал Спортты дамыту дирекциясы қаңтар-ақпан айларындағы жалақы толық төленгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, қазір жаңа Олимпиада цикліне байланысты Михаил Шайдоровпен қаржыландыруы күшейтілген жаңа келісімшарт талқыланып жатыр.
Сондай-ақ министрлік Олимпиада алтыны үшін спортшыға 250 мың доллар сыйақы; Алматыдан үш бөлмелі пәтер; өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем қарастырылғанын еске салды.
Еске салайық, Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған еді.

