Журналист Гүлнара Бажкенова 8 жылға сотталды
Алматыда Orda сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкеноваға қатысты сот үкімі шықты.
Сот оны бірнеше қылмыстық бап бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар 5 жылға журналистика, БАҚ және блогинг саласында қызмет ету құқығынан айырды.
Алайда 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
18 тамызда Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты Orda сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкенованы кінәлі деп таныды.
Оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Оған қандай айыптар тағылды?
Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің:
– 189-бабы – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету;
– 214-бабы – заңсыз кәсіпкерлік;
– 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған.
Сот: компанияның 88 млн теңгеден астам қаражаты жымқырылған
Сот мәліметінше, 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы желтоқсанға дейін Бажкенова компания шоттарынан 88 144 127 теңгені бақылауындағы жеке кәсіпкердің шотына аударған.
Ақша жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтер үшін төлем ретінде рәсімделген.
Сондай-ақ ұлының жекеменшік халықаралық мектептегі оқу ақысы төленген.
Пәтер сатудан 121,2 млн теңге табыс алған
Соттың хабарлауынша, Бажкенова кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмей, Алматыдағы пәтерлерді сатып алып, қайта сату арқылы 121 200 000 теңге табыс тапқан.
Бұл ретте тиісті салық төлемдері төленбеген.
Сот 8 жалған ақпарат тарату эпизодын анықтады
Сот мәліметінше, 2024-2025 жылдары Бажкенова алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет көрінеу жалған ақпарат таратқан.
Іс бойынша барлығы 8 эпизод қаралған.
Сот қандай жаза тағайындады?
Гүлнара Бажкенова:
– 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
– 5 жыл бойы БАҚ, журналистика, блогинг, қоғамдық іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырылды;
– БАҚ-пен байланысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты қызмет атқара алмайды.
Жаза бірден орындалмайды
Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.
Бұған оның 14 жасқа толмаған баласының болуы себеп.
105 млн теңгеден астам төлем өндіріледі
Сот шешімі бойынша:
– 95 992 350 теңге – материалдық залалды өтеуге;
– 2 879 770 теңге – мемлекеттік бажға;
– 6 800 000 теңге – жәбірленуші тараптың заңгерлік көмегі мен процестік шығындарына өндірілмек.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ
Сот үкіміне шағым жасалуы мүмкін.

