Қазақстанда адамды рұқсатсыз видеоға түсіруге бола ма – заңгер кеңесі
Қазіргі уақытта бірнеше секундтың ішінде кез келген адамның видеосы әлеуметтік желіге тарап, мыңдаған адамға жетуі мүмкін. Қазақстанда адамды оның келісімінсіз қай кезде видеоға түсіруге болады, ал қандай жағдайда бұл заң бұзушылық болып саналады?
Заңгер Дана Жанаділдің айтуынша, Қазақстан заңнамасы қоғамдық орындарда адамдарды видеоға түсіруге тыйым салмайды.
Оның түсіндіруінше, Конституцияның 20-бабында заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты жинау және тарату құқығына кепілдік берілген. Сондықтан көшеде, қоғамдық көлікте, дәмханада және басқа да қоғамдық орындарда адамды, егер нақты бір адамды жасырын аңду мақсатында түсірілмесе, алдын ала ескертусіз де видеоға түсіруге болады.
Сонымен бірге заңгер түсірілім жасау мен оны кейін пайдалану ұғымдарын шатастырмау керектігін атап өтті.
– Қазақстанда адамның келісімінсіз видеоға түсіруге болады, бірақ қатаң шектеулер бар. Мұндай видео тек жеке пайдалану үшін ғана түсірілуі тиіс. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға немесе жариялауға тыйым салынады, – деді Дана Жанаділ.
Оның айтуынша, түсірілімнің заңдылығы көбіне оның қандай мақсатта қолданылатынына байланысты.
Мәселен, арнайы орнатылған камералардың көмегімен жасырын түсіру немесе нақты бір адамды аңду заңсыз әрекет болып есептеледі. Сондай-ақ адамның жеке өміріне қатысты мәліметтерді келісімінсіз жинап, соның салдарынан елеулі зиян келтіру де құқық бұзушылық ретінде бағалануы мүмкін.
Бұдан бөлек, заң адамның бейнесін жариялау мәселесін де жеке реттейді.
– Адамның фото немесе бейнесін оның келісімінсіз жариялау немесе тарату – жеке құқық бұзушылық. Азаматтық кодекстің 145-бабы әр азаматқа өз бейнесін қорғау құқығын береді және мұндай жариялау салдарынан зиян келтірілсе, жауапкершілік қарастырылған, – деді заңгер.
Сондай-ақ қорқыту, қудалау немесе адамның беделіне нұқсан келтіретін ақпарат жинау мақсатында жүргізілген түсірілім де жеке өмірге қол сұғушылық ретінде қарастырылуы мүмкін.
Егер адам өзіне қатысты заңсыз әрекеттерге, мысалы, қоқан-лоқыға, тиісуге немесе басқа да құқық бұзушылыққа тап болса, мұндай жағдайда видеоға түсіруге рұқсат етіледі.
– Егер адам өзін қорғау мақсатында құқық бұзушыны видеоға түсірсе, бұл заңды әрекет. Мұндай жазба полицияға жүгінген кезде дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін, – деді Дана Жанаділ.
Ал заңгер Роман Желак адамның өзін заңсыз түсіріп жатыр деп есептеуі оған телефонды күшпен тартып алуға немесе видеоны өшіруге мәжбүрлеуге құқық бермейтінін айтты.
– Телефонды күшпен тартып алуға немесе видеоны өшіруді талап етуге болмайды. Бұл өз бетінше билік ету ретінде бағалануы мүмкін. Егер видео адамның құқықтарын бұзса, оның әрі қарай таратылуына сот арқылы ғана қарсылық білдіруге болады, – деді ол.

