«Отбасы банкте» тұрғын үй кезегін жылжыту үшін ақша алған топ ұсталды
«Отбасы банк» 2025 жылы қызметкерлер тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық белгілері бар бірнеше жағдайды анықтады. Олардың арасында тұрғын үй кезегін жылжыту үшін заңсыз сыйақы алу және клиенттердің ипотека рәсімдеуі үшін жалған құжаттар жасау деректері бар.
Банктің 2025 жылғы есептілігіне сәйкес, жекелеген қызметкерлер клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін заңсыз ілгерілетуге қатысқан.
Тексеру нәтижесінде заңсыз әрекеттерге қатысы бар қызметкерлермен еңбек шарттары сенімнен айырылуына байланысты бұзылған. Үш қызметкерге қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ банк филиалдарының бірінде клиенттердің төлем қабілеттілігін растау үшін табыс туралы жалған құжаттар жасау фактілері анықталған. Мұндай құжаттар банк талаптарына сәйкес келмейтін клиенттердің ипотекалық қарыз алуына мүмкіндік берген.
Банк мәліметінше, 2025 жылы барлығы 8 алаяқтық жағдайы тіркелген. Оның алтауы ішкі алаяқтық тәуекеліне, екеуі клиенттер мен үшінші тұлғалардың әрекеттеріне қатысты. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 64%-ға азайған.
Бұдан бөлек, банк филиалдарының бірінде жеке сот орындаушыларының инкассалық өкімдері бойынша ірі көлемдегі қаражатты есептен шығару деректері тіркелген. 2024 жылы үш жеке сот орындаушысының инкассалық өкімдері негізінде 3,267 млрд теңге есептен шығарылған.
Ал 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы ақпан аралығында 233 қарыз бойынша жалпы сомасы 1,454 млрд теңгеге осындай операциялар жүргізілген.
Қазіргі уақытта бірқатар дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Отбасы банк» алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді. Банк тиісті есептілікті өзінің ресми сайтында жариялайды.

