Басты
16:45
Қоғам

Ақмола облысында жаңа өндіріс іске қосылады

Ақмола облысында жаңа өндіріс

Ақмола облысының Ақбейіт ауылында Aina Resources компаниясының жаңа зауыты іске қосылуда.

Кәсіпорын бұрын қараусыз қалған, тереңдігі 640 метр болатын ескі шахтаның орнында салынды.

Зауыт Сингапурдан тартылған жеке шетелдік инвестициялар есебінен нөлден бастап бой көтерді. Аймақта алғаш рет кенді өңдеуге арналған өндірістік кәсіпорын құрылып отыр. Бұған дейін бұл аумақта өндірілген шикізат өңдеусіз сыртқа тасымалданған.

Жоба аясында толық өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырылды. Қызметкерлерге арналған жатақхана салынды, инженерлік желілер тартылды. Экологиялық талаптарға сай, көлемі 300 мың текше метр болатын қалдық қоймасы іске қосылды.

“Біз басынан бастап тек өндіріс пен шектелуге болмайтынын түсіндік. Жуырда шамамен 99% ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Зауыт толық қуатында іске қосылғанда жұмыс орындарының саны 200-ге дейін жетеді”, — деді жоба акционері Диас Атамқұлов.

Сонымен қатар, кәсіпорын жолдарды тазалау, көмірмен қамтамасыз ету және байланыс сапасын арттыру сияқты әлеуметтік міндеттемелерді де өз мойнына алған. Starlink жүйесі іске қосылып, ауылда тұрақты интернет пайда болды.

Компания алдағы уақытта зауыт маңында геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтіп, өндірісті одан әрі дамыту жоспарлап отыр. Жоба өңірлердегі нақты өндіріс пен тұрақты жұмыспен қамтудың тиімді үлгісі ретінде бағаланып отыр.