«КОБА» сериалы: Астанада түсірілген алғашқы қазақ нуары қалай жасалды?
Түнгі Астана, кәсіби каскадерлердің трюктері және әртүрлі мінездегі кейіпкерлер – жаңа «КОБА» криминалдық драмасының авторлары премьера алдында сериалдың қалай түсірілгенін және оны неге биыл күзде көру керектігін айтып берді.
Режиссер Нұржан Еркінұлы мен продюсер Нұртілеу Амангелді бастаған команда ұсынған жоба – жеке ұстанымдар жүйемен қақтығысатын, ал кейіпкерлердің алдында айналып өтуге болмайтын моральдық таңдаулар тұратын криминалдық драма.

Сюжеттің басты кейіпкері – құпия ведомствоаралық бөлімнің қызметкері. Ол сүйіктісінің қазасының себебін анықтамақ болып жүріп, қылмыстық топтың ізіне түседі. Екі оқиғаның бір-бірімен қандай байланысы бар? Спойлерсіз айтарымыз – интрига әр бөлім сайын үдей түседі.
“Мен күн сайын шешім қабылдайтын, оның салдарымен өмір сүретін адамдарды көрсеткім келді. Бұл – заң мен ар-ождан жиі бетпе-бет келетін ортада жұмыс істейтіндер туралы оқиға”, – дейді продюсер Нұртілеу Амангелді.
Актерлік құрамда қазақстандық кинодағы танымал шеберлер де, жаңа есімдер де бар: Қобыланды Болат, Әзиз Бейшеналиев, Нұржан Садыбеков, Қайрат Әділгерей, Бахтияр Қожа, Рамазан Әмірғалиев, Назар Шархан, Асан Мәжит және басқалар.

Сериал атауы төрт басты кейіпкердің есімінен құралған: Коба, Олжас, Батыр және Абылай. Оларды тек қызмет емес, жеке жарасы мен ішкі осалдықтары да біріктіреді. Бұл топты тірі, шынайы және көпқырлы етіп көрсетеді.
Түсірілімдер толығымен Астанада өтті, әсіресе түнгі уақытта. Қала сериалдың көркемдік шешімінің бір бөлігіне айналып, жалпы көңіл-күйді қалыптастырды.

«Астананың өз мінезі бар – салқын геометрия, ерекше жарық. Бұл – жай фон емес, кейіпкерлердің ішкі күйіне әсер ететін кеңістік», – деп атап өтті режиссер Нұржан Еркінұлы. Криминалдық драмаға қатысу – оның комедия жанрынан кейінгі өзіндік жаңа тәжірибесі.
Жобаға жергілікті түсірілім тобы тартылды. Режиссердің айтуынша, қаланы жақсы сезінетін адамдар ғана оны жасанды «ашықхат» эстетикасына салмай, табиғи атмосферасын жеткізе алды. Экшн-сахналардың қойылымын да астаналық кәсіби каскадерлер атқарды.
Трюктерге дайындық Абылай Сәлімхановтың жетекшілігімен өтті. Ол – «КАХАР» каскадерлік мектебінің негізін қалаушы әрі сериалдағы басты рөлдердің бірін сомдайды. Сәлімханов трюк қоюшы Қанат Құдияровпен (Nomad Stunts) бірге актерлерге қозғалыс, пластика және реакция дәлдігін үйреткен.

«Кадрдағы әр қимыл шынайы көрінуі керек болды. Біз реалистік әсерге қол жеткізуге тырыстық», – дейді Сәлімханов.
«КОБА» сериалының кейбір эпизодтары күтпеген жерден пайда болған. Солардың бірі – ALEM-нің қатысуы. Әнші түсірілім алаңына қонақ ретінде соға кеткенде, оған шағын рөл ұсынылып, нәтижесінде бұл көрініс финалдық монтажға енген.
Сериал халықаралық деңгейде де бағаланды. «КОБА» Oniros Film Awards New York, Stockholm City Film Festival және Rome Prisma Film Awards фестивальдерінде марапаттарға ие болды.
Қазақстандық көрермендер сериалдың алғашқы бөлімдерін Кинопоиск платформасынан эксклюзивті түрде көре алады.


