Абзал Құспан: Қазақстанда детективтік қызметке сұраныс артады
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан цифрлық дәуірде қылмысты жасыру қиын екенін айтты. Оның сөзінше, ұялы телефон деректері, бейнекамералар, SMS-хабарламалар мен биллинг жүйелері қылмыстың ізін анықтауға көмектеседі. Сондықтан жеке детективтер қызметіне сұраныс арта түседі.
Депутаттың айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша детективтер Ішкі істер министрлігі беретін лицензия арқылы жұмыс істейді. Оларға жоғары заңгерлік білім, құқық қорғау саласында кемінде 10 жыл тәжірибе сияқты талаптар қойылады. Сонымен қатар детектив іс алғаннан кейін 24 сағат ішінде тергеушіге, прокурорға немесе судьяға бұл туралы хабарлауға міндетті болады.
Абзал Құспанның пікірінше, мұндай жүйе қылмыстардың уақытылы ашылуына көмектесіп, азаматтарға қосымша құқықтық мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда детективтік қызмет заңмен реттелмеген, бірақ кейбір күзет компаниялары бұл жұмысты бейресми түрде атқарып жүр. Жаңа заң жобасы осы саланы заңдастыруды көздейді.

