Түркістан облысындағы ауруханада алты бала көз жұмды: тұрғындар дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етуде
Түркістан облысындағы ауруханалардың бірінде соңғы үш айда бес жасқа дейінгі алты бала қайтыс болған.
Ақпаратқа сәйкес, ата-аналар балалардың өліміне дәрігерлердің әрекеті себеп болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, кей жағдайда науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетілмеген.
Мәселен, сегіз айлық Рашид жансақтау бөліміне түскеннен кейін 16 сағаттан соң көз жұмған. Анасы Майра Жұмашева баласының жағдайы екпеден кейін күрт нашарлағанын айтады.
Үйде отырған кезде жарты сағат өтпей балам құсып, әлсіреп қалды. Бұл екпеден кейін болды. Дереу ауруханаға бардық. Реаниматолог шақырылды, бірақ неге баламды қолына алып, толық тексермеді? Жүрегін, басын қарамады, қандай ағза сыр бергенін анықтамады, – деді ол.
Тағы бір тұрғын Нұрбақыт Құрақбай екі жасар ұлынан айырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, баласын жоғары температурамен ауруханаға әкелген, алайда көп ұзамай мәйітін алып шыққан.
Баланы дұрыс тексермеді. Іс жүзінде сау баланы апардық, екі күннен кейін денесін алып шықтық. Егер дұрыс қарағанда, мұндай жағдай болмас еді. Қазір сол дәрігерлер басқа жаққа кетіп қалған, – деді ол.
Сондай-ақ тағы бір тұрғын Айнагүл Әуезова екі немересінен айырылғанын айтты. Оның сөзінше, екі жасар бала тек асқазанын тексерту үшін ауруханаға жеткізілген.
Бала жарты стақан анар жеп, аздап құсқан. Тексертіп, укол салдырып қайтпақ болдық. Өз аяғымен жүгіріп жүрген бала еді. Бірақ ауруханада оған сәйкес келмейтін қан құйылған болуы мүмкін, – деді ол.
Жергілікті тұрғындар балалар өлімі жиілегенін байқап, аурухана алдында жиналып, жауаптыларды жазалауды талап еткен.
Ал аурухана өкілдері жыл басынан бері 2,5 мың балаға медициналық көмек көрсетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар алты баланың қайтыс болғанын растады.
Қайтыс болған үш бала бір тәуліктің ішінде түсті. Барлығы «құсу» диагнозымен жеткізілген. Әрбір жағдай бойынша талдау жүргізілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар шара қабылданып жатыр, – деді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Әбдіраманова.
Тексеру барысында медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменті бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап, материалдарды полицияға жолдаған.
Тұрғындардың шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Сарапшылар қорытынды жасап, материалдар Түркістан облысы полиция департаментіне және Сарыағаш аудандық полиция бөліміне құқықтық баға беру үшін жіберілді, – деді ведомство өкілі Айнұр Байзакова.
Қазіргі уақытта балалардың өлімі бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Егер дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

