Ипотеканың жылдық пайызы 20%-дан аспайтын болды
Ипотеканың ең жоғарғы пайызы 25%-дан 20%-ға дейін төмендейді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкі жариялаған бірлескен қаулыда көрсетілген.
Жаңа норма 2026 жылғы 16 маусым және 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Осылайша, банк несиелері үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейі:
кепілсіз несиелер бойынша — 46%
кепілмен берілетін несиелер бойынша — 35% болып қалса,
ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша — 25%-дан 20%-ға төмендейді.
Микроқаржы ұйымдарының микронесиенің жылдық пайызы 46% болады.
45 күнге дейін және 45 АЕК-ке дейін (2026 жылы 194 625 теңгеге дейін) берілетін қысқа мерзімді микронесие мөлшерлемесі күніне 0,3%-дан төмен, бірақ жылдық есепте 179%-дан жоғары болмауы тиіс.

