Мұғалімнің жауапкершілігі қай жерде басталып, қай жерде аяқталады?
Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов нақты жауап берді.
Оның айтуынша, мұғалім балаға тек оқу процесі кезінде жауапты. Каникулда, жазғы демалыста немесе түнгі уақытта болған оқиға үшін педагогті жауапқа тарту – орынсыз.
«Баланың ата-анасы бар, қажет болса полиция бар. Мұғалім сабақ үстінде, мектеп қабырғасында болған уақытта жауап береді», – деді ол.
Депутат кей өңірлерде кешкі құқық бұзушылық үшін педагогтерді жұмыстан шығару жағдайлары болғанын сынға алды. Сонымен қатар мұғалімдерді еңбек демалысында қосымша жұмыстарға тарту фактілеріне де тоқталды.
Аймағамбетов ұстаздарды өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартқандарға нақты айыппұл енгізуді ұсынды. Қазіргі қолданыстағы норма бойынша тек ескерту қарастырылған.
Ұсынысқа сәйкес, жауапкершілік қарапайым мұғалімге емес, тиісті шешім қабылдаған лауазымды тұлғаларға жүктелуі тиіс.

